Басты бет

Рухани жаңғыру: Туған жерге туыңды тік

7-14 желтоқсан аралығында Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласының аясында “Туған жерге туыңды тік” жобасы болып өтті. Жоба аясында ҚХА мүшесі, Қарағанды облысы ҚХА Жезқазған қалалық Аналар кеңесінің төрайымы, ҚР және РФ жазушылар Одағының мүшесі, ақын Чумакова Зинаида Супьяновна араға 60 жыл уақыт салып туған өлкесі Қостанай – Құсмұрын жеріне ұзақ жылдар бойы Отанға деген зор сүйіспеншілікпен, алғыс пен мақтаныштан қаланған “Рухани мұрасын” жеткізуді мұрат еткен. “Туған жерге туыңды тік” жобасының Жезқазған қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің залында тұсауы кесіліп, кеңес мүшелері мен қонақтарға мақсат-міндеттері мен жоспары таныстырылды. Аталған шараға ақпараттық демеу білдіру мақсатында бас редактор Алтынбеков Бекзат Қомарұлының ұсынысымен «Бекзада» республикалық-ақпараттық журналының кезекті саны жоба кейіпкері мен шығармашылығына арналды және жобаға ҚХА мүшесі, Жезқазған қалалық ҚКК төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Алтынбеков Бекзат Қомарұлы демеушілік жасады.
“Туған жерге туыңды тік” ұранымен бастау алған жобаның алғашқы шарасы Қостанай облыстық кітапханасында студент жастардың, зиялы қауымның және қала, облыс басшылығының қатысуымен өтті. Рухани азыққа толы, терең тарихтан сыр шерткен кездесу көпшіліктің жүрегіне жол тауып, қостанайлық қауым Зинаида Чумакованың шығармашылығына, тұлғалық болмысына тəнті қалды.
Жобаның келесі күнінде Зинаида Чумакова 60 жылдай табаны тимеген туған өлкесі Құсмұрын ауылында болып, тұрғындармен кездесу өткізді. Аудан және ауыл басшылығы бастаған халық жерлестерін мәдениет үйінде үлкен ықыласпен қарсы алды. Кездесу кешін Қостанай облысы ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы, модератор Алимжан Бекмагамбетов жүргізді. Жиынға ауыл жастары, оқушылар, әскери қызметкерлер мен ұстаздар және түрлі ұлт өкілдері қатысып, шара соңында З.Чумакованың шығармашылығынан алған əсерлерімен бөлісіп, алғыстарын жеткізді.
Аудан халқы мен əкімдігі атынан сөз алған аудан əкімінің орынбасары Нұрлан Аманқұлов Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласының аясында жүзеге асып отырған бұл жобаның Құсмұрын халқы үшін, жастары үшін аса маңызды екендігін атап өтті.
З.Чумакова Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясының құрметті қонағы ретінде қатысып, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында жүзеге асып отырған жоба туралы айтып, құттықтау сөз сөйледі.
Кеш соңында Қарағанды облыстық мəслихатының депутаты, ҚХА мүшесі Алтынбеков Бекзат Қомарұлының Құсмұрын ауылына аманат еткен құнды кітаптары ауыл əкімі Абжанов Абидулла мырзаға табыс етілді.
Туған жер топырағынан еркеше қуат алып қайтқан Зинаида Чумакова және Қарағанды облысының өкілдері Қостанай облысының халқына, облыс әкімі Архимед Бегежанұлына, әкімдік ұжымына және облыстық ҚХА хатшылығының басшысы Мажит Мақсұтұлына алғыстарын білдірді.
Рухани мұрамызды дəріптеуді басты мақсат еткен жоба аясында Қостанай және Қарағанды облыстарының оқу орындарында, кітапханалар мен Достық үйінде түрлі кездесулер мен шығармашылық кештер өтті. Жиындарда «Рухани жаңғыру», қазақстандық патриотизм, Отанды сүю және ел мүддесі үшін еңбек ету, этносаралық келісім мен бірлік және көп ұлтты Қазақстанның тарихы туралы тағылымға толы әңгімелер айтылды. Зинаида Чумакованың ұлт пен Отанға деген үлкен махаббатымен, құрметімен жазылған кітаптары мен жинақтары облыстық, қала және оқу орындарының кітапханалары мен музейлеріне табыс етілді.
Жезқазған қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің бастамасымен, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласының аясында “Туған жерге туыңды тік” жобасы мақсатына жетті және жоспарға сәйкес өз жұмысын аяқтап, 18 желтоқсанда Жезқазған Бизнес және көлік колледжінде қала зиялыларының, облыстық мәслихат депутаты, ҚХА мүшесі Алтынбеков Бекзат Қомарұлының және колледж директоры, қала мәслихатының депутаты Жумкина Светлана Серікбайқызының қатысуымен қарытынды шарасы өтті.