Басты бет

СТУДЕНТТІК ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУ

1. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1.1. «Жігер» жастар ұйымы өзін-өзі басқару қоғамдық жастар ұйым ретінде құрылған, Жезқазған Бизнес және көлік колледжінің (бұдан әрі – колледж) ерікті жастар бірлестігі болып табылады.
1.2. «Жігер» жастар ұйымы (бұдан әрі – «Жігер» ЖҰ) колледждегі студенттік өзін-өзі басқару жұмысын ұйымдастырады және жүргізеді. Студенттердің қызығушылықтарына қарай құрылған түрлі бағыттардағы ұйымдар мен бірлестіктер, клубтар жұмысын үйлестіреді.
1.3. «Жігер» ЖҰ колледж студенттерінің, оның мүшелерінің шығармашылық және қоғамдық өмірін ұйымдастыратын, жастар саясаты саласында қызмет көрсететін, қоғамдық ұйым. »Жігер» жастар ұйымының қызметі еріктілік, оның мүшелерінің тең құқылығы, өзін – өзі басқару, заңдылық және ашықтық қағидаларында құралады.
1.4. «Жігер» ЖҰ-ның мақсаттары мен міндеттерін танитын және қолдайтын және оларды іске асыруға белсенді қатысатын кез келген студент ұйымға мүшесі бола алады.

 

2. МАҚСАТТАРЫ, МІНДЕТТЕРІ ЖӘНЕ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ

2.1. «Жігер» ЖҰ қызметінің мәні:
колледждің, қаланың, облыстың, Республиканың қоғамдық өміріне қатысу;
мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына, жастар арсында кеңінен насихаттауға қатысу;
қалалық, облыстық және Республикалық түрлі іс-шараларға қатысу.
2.2. «Жігер» ЖҰ-ның мақсаты – жастардың жан-жақты дамуы мен олардың зияткерлік және нақты әлеуетін, әлеуметтік мәртебесі экологиялық және мәдениетін арттыру үшін әлеуметтік және басқа да жағдайлар жасау;
жастардың бойында патриоттық сезімдерін арттыру;
Қазақстан халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтау;
жастар мен студенттердің терең білімге, заманауи ғылымға және ұлттық тәрбиеге құштарлығын арттыру.
2.3. «Жігер» ЖҰ-ның міндеттері:
жастардың бойында қазақстандық патриотизм сезімін және жауапты азаматтық ұстанымын, Республиканың мемлекеттік рәміздеріне, Қазақстан халқының мәдени мұрасына, тіліне және дәстүрлеріне құрметпен қарауды қалыптастыру;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға жәрдемдесу;
жастар мәдениетін қалыптастыруға, жастардың білім, зияткерлік және кәсіби деңгейін арттыруға жәрдемдесу;
салауатты өмір салтын, білім мен еңбекті насихаттау;
жастардың әлеуметтік маңызды бастамаларына қолдау көрсету және оларды іске асыру;
жастардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға, табиғи жетілуіне, спортты, туризмді дамытуға және жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға жәрдемдесу;
жастарды аға буынға деген құрмет, қамқорлық және мейірімділік рухта тәрбиелеу;
уәкілетті органдарға жастар арасындағы жастар және жасөспірімдер қылмысының, нашақорлықтың, токсикоманияның және басқа да девианттық жүріс-тұрыстың пайда болуының алдын алуда және оларға қарсы күресте жәрдемдесу;
дарынды жастарды іздестіру, оларға көмек көрсету және ілгерілету;
Жастар ұйымдарымен ынтымақтастық орнатып, тиісті келісімдер жасау болып табылады.
2.4. Осы Ережеде белгіленген негізгі мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін «Жігер» ЖҰ:
студенттердің мәдени-бұқаралық, спорт, шығармашылық, қайырымдылық және жастар қозғалыстарын дамытуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыруға;
съездер, конференциялар, кеңестер, семинарлар, симпозиумдар, көрмелер, конкурстар, фестивальдар, концерттік іс-шаралар ұйымдастыруға және өткізуге;
өз қызметі туралы ақпаратты еркін таратуға құқығы бар.

 

3. «ЖІГЕР» ЖАСТАР ҰЙЫМЫ МҮШЕЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

3.1. «Жігер» жастар ұйымымүшесінің:
«Жігер» ЖҰ-ның барлық органдарына сайлауға және сайлануға;
шешімдер әзірлеуге қатысуға, өз ойын еркін білдіруге, «Жігер» жастар ұйымы қызметінің мәселелерін талқылауға, «Жігер» ЖҰ-ның қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өз ұсыныстарын енгізуге;
«Жігер» ЖҰ-ның қорғауы мен қолдауын пайдалануға құқығы бар.
3.2. «Жігер» ЖҰ-ның мүшесі:
осы Ереженің талаптарын орындауға;
«Жігер» ЖҰ-ның мақсаттары мен міндеттерін түсіндіруге және қорғауға;
«Жігер» ЖҰ-ның жұмысына тікелей қатысуымен, жеке іс-қимылымен және әрекетімен «Жігер» жастар ұйымына қатыстығын дәлелдеуге және жастар арасында оның беделі мен ықпалының артуына қол жеткізуге;
тәртіп сақтауға, ұйымдастыру бірлігін нығайтуға, бастамалар көрсетуге;
«Жігер» ЖҰ-ның қатарына жаңа мүшелерді тарту бойынша жұмыстар жүргізуге;
«Жігер» ЖҰ-ның өткізетін іс-шараларға белсенді қатысуға;
«Жігер» жастар ұйымына моралдық және материалдық зиян келтіретін іс-қимыл жасауға жол бермеуге міндетті.

 

4. «ЖІГЕР» ЖАСТАР ҰЙЫМЫН БАСҚАРУ ОРГАНДАРЫН ҚҰРУ ТӘРТІБІ МЕН ОЛАРДЫҢ ҚҰЗІРЕТІ, ОЛАРДЫҢ ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАУ ТӘРТІБІ
4.1. «Жігер» ЖҰ-ның жоғары органы Жалпы жиналыс (конференция) болып табылады, Жиналысқа шақыру туралы шешімді күн тәртібі мен мүшелердің қатысу нормасын жиналысқа 20 күн уақыт қалғанда Төраға хабарлайды.
4.2. Жалпы жиналыс жылына бір рет шақырылады. Жиналыс шешімдері қатысушылардың жалпы санының 2/3 кворум болған даусымен қабылданады.
4.3. Жалпы жиналыстың құзыретіне жатады:
«Жігер» ЖҰ-ның құжаттарын қабылдау, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
Жастар ұйымын құру, ерікті түрде қайта ұйымдастыру және тарату;
«Жігер» ЖҰ-ның басқару органдарының құзыретін, ұйымдық құрылымын оларды құру және өкілеттілігін тоқтату тәртібін айқындау;
«Жігер» ЖҰ-ның мүшелігіне қабылдап, Жиналыстың төрағасын, атқару органы – Төрағасын сайлау;
«Жігер» ЖҰ-ның жұмысының негізгі бағыттарын анықтау.
4.4. «Жігер» ЖҰ-ның Атқарушы органы – Төраға. Жалпы жиналыста Атқарушы орган – Төраға бір жыл мерзімге сайланады.
4.5.  Атқарушы орган – Төраға:
«Жігер» ЖҰ-ның қызметіне жетекшілік етеді.
«Жігер» ЖҰ-ның мақсаты мен міндеттерін жүзеге асыруға жауапты;
«Жігер» ЖҰ-ның тұрақты түрдегі ағымдағы жұмыстарын жүзеге асырады;
«Жігер» ЖҰ-ның жұмыс жоспарын жасайды және жүзеге асуын қамтамасыз етеді;
Мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен байланыс орнатады;
«Жігер» ЖҰ-ның қызметкерлерін тағайындау туралы ұсыныстар жасайды;
Осы Ережеге байланысты бірлестік жұмысын бағыттап отырады;
Жалпы жиналыс өткізу үшін ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді;
Жалпы жиналыс алдында есеп береді;
Жиналыстарда қабылданған шешімдерге, басқа да құжаттарға қол қояды;
«Жігер» ЖҰ-ның атынан мәлімдеме жасайды.