Басты бет

Серпін-2050

«СЕРПІН-2050» ЖОБАСЫ КОЛЛЕДЖГЕ СЕРПІЛІС БЕРДІ

Кез келген интеграция алдымен білім, ғылым, интеллектуалдық бәсекелестік тудыратыны белгілі. Бәсекелестік талабына сай білім беру мен ғылым игерудің заманға лайық үлгісі, жастарды тәрбиелеудің мемлекеттік тұжырымдамалар мен ұстанымдар Елбасының «Қазақстан-2050» стра­тегиялық жоспарында айқындалған. Елбасының ұсынысымен қабылданған «Нұрлы Жол» бағдарламасы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары – аталмыш стратегияны жүзеге асыруды тереңдетуге бағытталған игі бастамалар.
2014 жылдан бастап Қазақстанда «Мәңгілік ел жастары – индустрияға»  мемлекеттік  «Серпін-2050» бағдарламасы өз жұмысын бастап та кеткен болатын. Бағдарламада өсімі мол оңтүстік жастарын  жұмыс қолы жетіспейтін солтүстік, батыс, шығыс өңірінде оқытып, болашақта жұмыс орындарымен қамтамасыз ету қажеттілігі айтылған.
Бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру мақсатында былтырдан бері жүргізіліп жатқан «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы дер кезінде қолға алынған үлкен мемлекеттік маңызы бар бағдарлама.
Аталмыш бағдарлама бастапқы жылдары педагогикалық мамандықтар арасында жүргізілсе, бүгінгі күндері оның шеңбері инженерлік-техникалық, ауылшаруашылық және ветеринария бағыттары бойынша кеңейтіліп, соның әсерінен Жезқазған Бизнес және көлік колледжі «Серпін-2050» бағдарламасын орындауға қатысатын техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орны ретінде белгіленді. Нәтижесінде  2015 жылы еліміздің оңтүстік өңірлерінен біздің оқу ордамызға 50 студент, оның 25 «1203000 Теміржол көлігімен тасымалдауды ұйымдастыру және басқару (әр сала бойынша)» мамандығына және 25 студент «1108000 Теміржол жылжымалы құрамдарын  пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету» мамандығына аталған бағдарлама аясында оқуға қабылданды.