Басты бет

БІЛІМ МЕНЕН ТӘРБИЕНІ ЖОЛ ҚЫЛДЫҚ, БІЗДЕ БҮГІН БЕРЕКЕЛІ 10 ЖЫЛДЫҚ!

Бүгін, «Жезқазған Бизнес және көлік колледжінің» 10 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Осынау аз ғана уақытта — Арқа даласындағы іргелі оқу орындарының бірі һәм бірегейіне айналып үлгерген оқу ордасының озат түлектері бұл кешке тамаша тарту жасады. Кеш тізгінін өз қолдарына алып, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарын құрмет биігіне шығара білді.
Колледж Құрылтайшысы, Білім Меценаты, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Бекзат Қомарұлы Алтынбеков пен колледж директоры, ақын, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты Светлана Серікбайқызы Жумкина құттықтау сөз сөйлеп — ұйымшыл ұжымның тынымсыз тірлігінде табысқа жетіп жүрген ұстаздарымызға «Білім және ғылым министрлігінің», облыс әкімінің, облыстық білім басқармасының, және Жезқазған қаласы әкімінің «Құрмет» грамоталары мен алғыс хаттарын табыстады. Сондай-ақ бұл мәртебелі кешке колледжде бұрын түрлі салада қызмет етіп кеткен мамандар да қонақ ретінде шақырылып, Құрылтайшы тарапынан сый-сыяпаттарға ие болды. Әсем ән айтылып, би биленді, домбыра дауысы әуелеген тамаша кеш өтті.
«Жезқазған Бизнес және көлік колледжі» бүгінде шаһарымызға келген қонақтар бас сұқпай өтпейтін құтты шаңырақтардың біріне айналды. Тіпті өнер мен мәдениеттің де мерейлі ошағы десек артық айтқандығымыз емес. Қазақтың небір жайсаңдары табан тіреп, баталарын берген берекелі орда.
Мемлекетіміздің білім беру саясатын жүзеге асыруда, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі абыроймен атқарып келе жатқан елеулі еңбек еселене берсін! Жаңа жыл — жаңа серпін, жаңа жетістік, жаңа белес әкелсін!